Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі 9, 2 қабат, 206 каб.

Астананың қала құрылысын дамыту тәжірибесі еліміздің басқа аймақтарына үлгі болуда

Елордаға Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары, сондай-ақ қаланың урбанистика орталығының қызметкерлері келді.

Сапардың басты мақсаты – урбанизация мен қала дизайнының озық тәжірибелерін зерделеу, сондай-ақ Астанада қолданылатын инновациялық тәсілдер мен әдістермен танысу. Мұндай басқосуға бұған дейін елордада өткен, урбанистика саласындағы креативті және заманауи шешімдер ұсынылған республикалық семинар себеп болды.

Сапар барысында «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары әріптестерін Астананың бас жоспарымен таныстырып, қаланың келешегі, сондай-ақ жаңа тұрғын аудандардың инфрақұрылымын дамыту жобалары туралы әңгімеледі. Қонақтар жыл басынан бері жүзеге асырылып жатқан түрлі жобаларды, соның ішінде қоғамдық орындарды абаттандыру, көгалдандыру және жаңғырту жобаларын аралап көрді. Түркістандық қонақтар жүзеге асырылып жатқан бастамалардың ерекшеліктері мен қолданылған әдіс-тәсілдер туралы жан-жақты мағлұмат алды.

Сонымен қатар, тәжірибе алмасу аясында «Астана-Жарнама» КММ-нің яғни Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына қарасты ұйымның өкілдері жарнамалық және сыртқы ақпарат тасымалдаушыларды орналастырудың қолданыстағы ережелері мен стандарттары туралы айтты. Жарнамалық құрылымдарды орнату, қаланың эстетикалық келбетін сақтау және көрнекі ластанудың алдын алу мәселелері жан-жақты қарастырылды. Мамандар алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Мұндай кәсіби алмасулар аймақтық мамандардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ қала құрылысы саласындағы бірыңғай стандарттарды қалыптастыруға көмектеседі.

Тараптар әріптестікті одан әрі нығайтуға қызығушылық танытып, мұндай іс-шараларды жүйелі түрде өткізудің маңыздылығын атап өтті.